Skip to content

Білім алушылардың «Экотуризм» облыстық байқауының ақпараты

Ағымдағы жылдың 8-10 қазан білім алушылардың «Экотуризм» облыстық байқауының ақпараты

Ағымдағы жылдың 8-10 қазан күндері білім алушылар арасында Маңғыстау өңіріндегі қасиетті мекендер – Отпан тау, Қараман ата және Көгез этноауылына танымдық-тарихи байқау ұйымдастырылды. Бұл сапардың мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениет танымын кеңейту арқылы ұлттық мүдде құндылығын дамыту.

Бірінші күн – Отпан тау баурайында өтті. Қатысушылар «эко-туристік экскурсия» аясында тарихи-танымдық бағыттағы бейнероликтер түсіріп, жергілікті музей жәдігерлерімен танысты. Бұл күн – бала жүрегіне ұлттық рух пен табиғатқа деген қамқорлықты дарытқан ерекше сәттерге толы болды.

Екінші күн – Көгез этноауылындағы «мың бояулы Маңғыстау» танымдық номинациясымен жалғасты. Табиғат пен этномәдени кеңістік тоғысқан бұл жерде балалар өлке табиғаты мен салт-дәстүр байлығын бейнелі түрде жеткізді. Бұдан соң қатысушылар Қараман ата жерасты мешітінде экскурсия жасап, рухани тыныстап, Бекі ауылында өткен спорттық шараларға белсене қатысты.

Үшінші күн – қорытынды күн ретінде экологиялық бағыттағы бейнероликтерді қамтыған «экологиялық шолу» номинациясы, тазалық акциясымен және марапаттау рәсімімен түйінделді. Бұл күн қатысушыларға табиғатпен үндесу, туған өлке тазалығына үлес қосу және ортақ еңбек нәтижесін көру қуанышын сыйлады.

Қорытынды кезеңде шығармашылық жұмыс арқылы экологиялық ой-сананы қалыптастырып, өлкетану бағытында терең таным көрсеткен үздік топтар анықталып, төмендегідей марапаттарға ие болды:
I орын:
– Мұнайлы ауданы, №19 ЖББМ «Жасыл болашақ» тобы.
II орын:
– Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейі «Ақшұқыр» тобы;
– Маңғыстау ауданы, Е.Айшуақұлы атындағы ЖББМ «Ecowings» тобы.
III орын:
– Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейі «Экосаяхатшылар» тобы;
– Ақтау қаласы, А.Байтұрсынұлы атындағы №28 ЖББМ «Жасыл Маңғыстау» тобы.

Үш күнге созылған бұл байқау – балалардың ел тарихын терең тануына, табиғатты қорғау мен шығармашылық арқылы ой еркіндігін жеткізуге жол ашқан тағылымды шара болды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *