Дүниежүзілік Жер күніне арналған
«Туған Жер» челленджі
Адамдардың табиғатқа және қоршаған әлемге ұқыпты көзқарасын қалыптастыру мақсатында, ҚР БҒМ РҚББОӘО және Қазақстанның экологтары 2021 жылғы 22 сәуір мен 22 мамыр аралығында Дүниежүзілік Жер күніне арналған
«Туған Жер» челленджін өткізді.
Аталған челлендждің тұжырымдамасына сәйкес, Маңғыстау облысының аудандық, қалалық білім беру ұйымдарында «МағанПакетҚажетЕмес», «Терезе алдындағы жаңа өмір» және «Эко-арт-объект» тақырыптарында жұмыстар жасалды.
Мектеп оқушылары челлендж барысында полиэтилен пакетті қажетсіз, адам өміріне зиян деп есептеп, орнына қатты қағаздан, картоннан, матадан жасалған пакет, сөмкелерді пайдалануды ұсынды. Үйлеріндегі полиэтилен пакеттерді буып-түйіп, көшелерге қойылған пластик бөтелкелер жинайтын контейнерлерге салды.
Бастауыш сынып оқушылары полиэтилен пакеттерден түрлі заттар жасаса, жоғары сынып оқушылары шалғам, көк жуа, қияр, аскөк, құлпынай, т.б тұқымдарын отырғызып, бірнеше күн ішінде өсімдіктердің дамуын бақылап, өзгерістерін қадағалады.
«Эко-арт-объект» акциясы бойынша оқушылар тұрмыстағы қалдық пластик бұйымдарды пайдаға жарату мақсатында мектеп дәлізіне өсімдіктер бұрышын, әртүрлі пластиктерден құстарға жем сауыт, ойыншықтар және мата қалдығын қатырып, гүл салатын вазалар дайындаса, ал «Туған Жер» челленджінде оқушылар экологиялық білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады.
Жоғарыда аталған шаралардың жүрісі туралы білім беру ұйымдары әлеуметтік желілерде жариялады.