«Экологиялық сауаттылықты дамыту» облыстық семинары
Педагогтардың тәжірибесі мен кәсіби белсенділігіне ықпал ету арқылы білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, білімі мен сауаттылығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 23 ақпан күні Ақтау қаласының №30 жалпы білім беретін мектебінде «Экологиялық сауаттылықты дамыту» тақырыбында семинар өткізілді. Аталған шараға 30 мұғалім қатысты.
Семинарға «Ewa Organic» ЖШС директоры А. Бралина: «Экосананы қалыптастыру», «Эко Мангистау» ҮҰ директоры К. Осин: «Мектептегі білім беру жүйесінде оқушылардың экологиялық мәдениетін теориядан практикаға факультативтер мен мектеп жобалары негізінде қалыптастыру», Маңғыстау мемлекеттік тарихи – мәдени қорығының бөлім меңгерушісі А. Яриханова: «Маңғыстаудың қасиетті нысандары», «Taza. likeе» ЖШС директоры И. Татиева: «Экологиялық білім беру. Халық. Мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесі. Жобалардың нұсқалары және оларды іске асыру жолдары» тақырыптарында баяндамалар оқыды.
Бағдарлама бойынша А. Бралина өзінің баяндамасында экологиялық сауаттылықтың құрылым ретінде қалыптасуының алғышарттарымен таныстырса, К. Осин білім беру ұйымдарында ата-ана мен оқушы арасында қоқысты сұрыптап жинауды бірлесе атқаратын «Экоаула» шарасын, «Экомарка» жәрмеңкесінде қолданыстан шыққан киім-кешектерді, ойыншықтарды, тұрмыстық бұйымдарды бір-бірімен алмасуды және «Кітап айналымы» акциясында кітап оқуды, оны өзге оқырмандармен бөлісуді ұсынды. А. Яриханова Маңғыстаудың қасиетті мекендеріне ұйымдастырылатын экскурсияларда экотуризмді дамытуды, тазалық сақтауды, қоршаған ортаны қорғау қажеттігін жеткізді.
Семинар қорытындысында орталықтың әдіскері Т. Досжанов жылдық жоспарға сәйкес экология бағытында өткізілетін іс-шаралармен таныстырып, педагогтарды аталған шараларға белсене қатысуға шақырды.