СВЕТЛАНА ТӨЛЕБАЕВА: БАЛАЛАР ӨМІРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ӨҢІРДЕГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ВИДЕОКАМЕРАЛАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН ЖӘНЕ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіге Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева қатысты. Оның айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджеттен 125,6 млн. теңге бөлініп, 94 мектептің бейнебақылау жүйесі жаңартылған.
«Полиция департаменті мамыр айында облыс мектептеріндегі бейнекамералардың жұмысына, қолданыстағы стандартқа сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Бейнекамералардың рұқсат ету қабілетінің сәйкес келмеуі, ақпарат жадының 30 тәуліктен аса сақталмауы, жедел басқару орталығына қосылмауы секілді талапқа сай емес жағдайлар анықталды. Ақтау қаласы бойынша 24, Жаңаөзен қаласы бойынша 19 мектепке мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдық жерде орналасқан 44 мектепте бейнекамералардың үздіксіз жұмыс істеу көзінің болмауы да анықталып отыр. Кемшіліктерді жою үшін қосымша ішкі қаражат есебінен 85 млн. теңгеге 567 бейнекамера алынатын болады»,-деді Светлана Төлебаева.
Бүгінде Ақтау мен Жаңаөзен қаласындағы 39 мектеп полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. 1 тамызға дейін 14 мектептің бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу жұмыстары аяқталады. Ал аудан мектептері басқару орталығына кезең-кезеңмен қосылатын болады.
⬇️⬇️⬇️