3 күндік туристік-шатырлы лагері
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2020-2023 жылдардағы балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы» 14.01.2020ж. №1-ө өкімін және «Балалар жылын» өткізудегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, балалардың сауықтырылуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында, өлкемізде алғаш рет аз қамтылған, тәртібі қиын, қиынға бейім, көп балалы отбасылардан шыққан балалар мен дарынды оқушыларына арналған 3 күндік туристік – шатырлы лагері ұйымдастырылды.
Лагерь 7-29 шілде аралығында Маңғыстау және Қарақия аудандарының аумағында өткізіліп, 5 ауысымға 300 бала қамтылды.
Шатырлы лагерь барысында балалар өртке қарсы сақтық шараларын және лагерде жүріп-тұру ережелерін, табиғатты қорғау, картамен жұмыс жасау, кедергілермен шатыр орнату, от жағу, топта жұмыс істей алу, төтенше жағдайларда өз-өзіне қызмет көрсету мақсатында біліктілік дағдыларын игерді.
Лагердің бірінші күнінде демалушылар түрлі спорттық, эстафеталық және квест ойындарына белсене қатысып, кешкісін алау жанында күй тартып, гитарамен ән айтса, екінші күнінде теңізге шомылып, ашық аспан астында кино тамашалап, соңы би кешімен ұласты. Ал, үшінші күні оқушылардың экологиялық білімдерін арттыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында акция ұйымдастырылып, одан әрі Ақтау қаласындағы мәдени-танымдық шаралармен жалғасын тапты.
Сондай-ақ, лагерь барысында еріктілер ретінде өз үлестерін қосуға Батыс Қазақстан «Табиғи орта» өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Қозыбақов Әділбек Мұстажебұлы мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ химия-биология пәнінің мұғалімі Жақсылықова Бақытгүл Өмірханқызы ой мен дене еңбегін қатар алып жүру мақсатында «Өрмекшінің торы», «Су білгірі», «Құстарға ұя» сынды интеллектуалдық ойындарын өткізіп, белсенділіктерін арттырды.
Балалар арнайы топ-топтарға бөлініп, әртүрлі спорттық, эстафеталық ойындар нәтижесінде, лагердің жабылу салтанатында білім басқармасының дипломдарымен, медальдарымен, кубоктарымен марапатталды. Демалушылар ұйымдастырылған шараны жоғары деңгейде бағалап, керемет көңіл-күйде ауылдарына оралды.
#Балажылы2022
#жаздыңбіркүні
#Туризмөлкетанубөлімі
#шатырлылагерь