Ағымдағы жылдың 13 қарашасында облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталығы оқушылар арасында өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, олардың ізденушілік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының белсенділігін арттыру және білім берудің, тәрбиелеудің кеңістігі ретінде мектеп музейі қызметін қалыптастыра отырып, Үздік гид-экскурсоводты анықтау мақсатында «Ең үздік гид экскурсовод» облыстық сайысын өткізді.
Сайысқа әр аудан, қаладан барлығы 11 оқушы қатысты. Қатысушылар «Үздік музей таныстырушы» және «Экскурсоводтың жеке шығармашылығы» номинациялары бойынша өз бақтарын сынады.
«Үздік музей таныстырушы» номинациясында оқушылар өздері білім алатын оқу орнындағы музейді бейнеролик арқылы таныстырды. Номинация барысында Түпқараған ауданының қатысушысы Амангелді Нұрай түркітанушы ғалым Ғұбайдұлла Айдаров атындағы мектеп музейін 3 тілде түсіндіру арқылы ерекшеленді.
Ал «Экскурсоводтың жеке шығармашылығы» номинациясында қатысушылар Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарында туризмді дамыту бойынша өз шығармашылығынан дайындалған туындымен (макет, жарнамалық буклеттер) таныстырды.Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған оқушылар білім басқармасы дипломдарымен марапатталды.
